Былтыр «Самұрық-Қазына» қорында өндірістегі жазатайым жайттар бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» қорының қоғаммен байланыс, әлеуметтік еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов өндірістегі жарақаттар мен қайғылы жайтардың негізгі себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр «Самұрық-Қазына» қорында өндірістегі жазатайым жайттар бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ

Оның сөзінше, қорға тиесілі кәсіпорындарда жағдай біртіндеп жақсарып келеді.

«Менің білуімше, қайғылы жайттардың саны былтырғымен салыстырғанда 11% азайып отыр», - деді ол БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.

Сондай-ақ, ол өндірістегі жазатайым жайттардың көбі қауіпсіздік техникасын сақтамаудан, жұмыс істейтін орынды дұрыс ұйымдастырмаудан және жұмысшылардың өз кінәсінен болатынын айтты.

«Әр жағдай бойынша өкілетті органдардың қатысуымен қызметтік тергеу жүргізіледі. Комиссия жұмыс беруші мен жұмысшының кінәсі қандай екенін анықтайды. Соның аясында қылмыстық жазаға дейін шаралар қолданылады», - деді Ғибрат Ауғанов.

Оның айтуынша, былтыр бірнеше жазатайым оқиға болғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған.

«2-3 ауыр жағдай бойынша қызметтік тергеу әлі жүріп жатыр», - деді қордың басқарушы директоры.