Былтыр шетелдерге жіберілуі тиіс 99 науқас отандық клиникаларда емделіп шықты

Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған мәліметі бойынша, отандық медицинаны дамыту арқасында бұрындары шетелдерге жіберіліп келген ауру түрлерін қысқартуға мүмкіндік болған. Тиісінше қазіргі заманғы технологияларды енгізу арқылы көптеген күрделі оталар да өзімізде жасала бастағаны бұған айғақ. Мәселен, 2012 жылы шетелдерге емделуге жіберілуі тиіс болған 99 науқас отандық клиникаларда емделіп шықты. Олардың ішінде 50 бүйрек трансплантациясы, 1 жүрек трансплантациясы, ересектерге 22 кемік майы трансплантациясы, балаларға 8 кемік майы трансплантациясы атқарылған. Сондай-ақ, шетелдік мамандарды шақыра отырып, 12 балаға Қазақстанда күрделі ота жасалған.
Сонымен қатар, министрлік мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда 161 науқас шетелдерге емдеуге жіберу кезегінде тұрса, олардың 133-і органдарды транспланттауға мұқтаж екен. «Осы орайда ерекше атап өттін жайт, науқастарды органдар мен тіндерді транспланттауға жіберу қаржыға емес, қажетті донордың табылуына байланысты. Ондай донорды іздеуге әдетте 6 айдан 2-3 жылға дейін уақыт кетеді», - дейді министр Салидат Қайырбекова.