Былтыр табиғи монополиялар субъектілерінен айыппұл санкциялары түрінде 205 млн. теңге өндіріп алынды

Агенттік мәліметтеріне қарағанда, былтыр заңнаманың сақталуын тексеру және тұтынушылар құқының бұзылуына жол бермеу аясындағы шаралар барысында 471 тексерулер жүзеге асып, заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру туралы 744 жазба енгізілген. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 382 қаулы енгізіліп, 376 іс сотта қаралған. Ал Мәжіліс алдында баяндама жасаған Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов тұтынушылар құқын қорғау бағытындағы атқарылған шараларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда тариф мәселесі өзекті болып табылады. Сондықтан да, тұтынушылардың қатысуымен тарифтегі өзгерістерге қатысты бұқаралық тыңдаулар өтіп, халық алдында табиғи монополиялар субъектілерінің жылдық есебі өтуде. Бұдан бөлек, тарифтік сметаны коммерциялық құпия ретінде қарастыруға тыйым салынған. «Тарифтер мен бағаларға сараптамалар жасау үшін тұтынушыларды тарта отырып, сараптама тобының отырыстары өткізілуде» дейді агенттік басшысы М. Оспанов.