Былтыр теміржол саласындағы жүк тасымалы 294,7 млн. тоннаны, ал адам тасымалы 23,5 млн адамды құрады
АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Былтыр еліміздегі теміржол саласындағы жүк тасымалы 294,7 млн. тоннаны, ал адам тасымалы 23,5 млн адамды құрады.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, былтырғы жылы Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл темір жолдарының құрылыстары басталып, ол қарқынды түрде жалғасқан. «Жүк тасымалдау қызметінің сапасын жақсарту және тасымалмен қамтамасыз ету мақсатында пойыздардың жүру кестесі мен жүк жөнелтушілер өтінімдерін «бір терезе» қағидаты бойынша рәсімдеу автоматтандырылды. Жаңа вагондар сатып алынып, 675 шақырым темір жол күрделі жөндеуден өтті. Биыл Астана-Алматы жоғары жылдамдықты темір жол магистралінің құрылысы басталады», дейді А. Жұмағалиев.
Министрдің айтуынша, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында 102 жаңа вагондар сатып алынып, 82 вагон ыңғайлылығы жоғары қалыпқа келтірілген.