Былтыр ұйымдасқан қылмыстың 368 мүшесі жауапқа тартылды - ІІМ орынбасары
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтыр елімізде ұйымдасқан қылмыстың 368 мүшесі жауапқа тартылды.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ««Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Әубәкіров осылай мәлім етті.
«Ұйымдасқан қылмыс топтарының әрекетіне қатысты 29 қылмыстық іс қозғалса, 8 қылмыстық іс қарақшылыққа қатысты болып отыр. Сонымен қатар, ресми іздеу жарияланған қылмыстық топтың 25 мүшесі құрықталды. Сондықтан да, бүгінгі күні Қазақстанда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес шаралары толық жүзеге асып жатыр деп айтуға болады», - дейді ІІМ орынбасары А. Әубәкіров.
Сонымен қатар министр орынбасарының айтуынша, 2005 жылдан бері қарай ТМД аумағында ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес заңнамалары қатаюына байланысты Қазақстанға «қылмыс әлемінің беделділері» аяқ баса бастаған. Сондықтан да, соңғы жылдары министрлік ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейтіп отыр. «Біз Ресейдің арнайы органдарында есепте тұрған 400-ге тарта ұйымдасқан қылмыс «серкелерінің» Қазақстанға келуіне тыйым салдық. 2005-2007 жылдары ТМД аумағынан Қазақстанға келген 5 «қылмыс әлемінің беделдісі» құрықталып, олар бас бостандығынан айырылған болатын. Жаза мерзімі өтелген соң ондай қылмыскерлер елден шығарылады», - деді А. Әубәкіров.