Былтыр жүргізілген санақтың мәліметтерін толық өңдеп, осы жұмысты аяқтау үшін 61,7 млн. теңге қажет - Ә. Смайылов
СТАНА. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтыр 2009 жылы жүргізілген ұлттық санақ мәліметтерін толық өңдеп, оны жариялау үшін бюджеттен қосымша 61,7 млн. теңге қажет етіледі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік статистиканы жетілдірудің басты бағыттары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттік төрағасының айтуынша, былтырғы жылғы халық санағының қысқаша қорытындысы ағымдағы жылғы ақпанның басында жарияланған. Бұл қысқаша қорытындыда еліміздегі жалпы халықтың саны, ұлттық құрам, қалалық және ауылдық жердің тұрғындар саны, ерлер мен әйелдер саны туралы мәліметтер берілген. Ал жақын аралықта санақтың келесі қорытындысы жарыққа шығады. Онда азаматтардың діни ұстанымы, азаматтығы, мемлекеттік тілді меңгеруі, халықтың өңірлерде орналасуы, өңірлердегі ұлттық құрамдар туралы мәліметтер қамтылады.
«2009 жылы жүргізілген ұлттық санақ қорытындысының кешігуіне бірқатар себептер бар. Мәселен, былтырғы жылы қорытындыларды бақылау жөніндегі жұмыстар толық аяқталмады. Бұдан бөлек, мәліметтерді өңдеу бойынша бағдарламада кемшіліктер орын алды, біз бұның бірқатарын қайта жазып шықтық. Сондай-ақ былтыр осы мақсатқа бөлінген 4 млрд. 200 млн. теңгенің 1 млрд. теңгеге жуығы бюджетке қайтарылып берілді», деді Ә. Смайылов. Оның айтуынша былтырғы жылы орын алған кемшіліктердің салдарынан 300 мыңға тарта қайталанып кеткен мәліметтер өшіріліп, 1 млн.-ға жуық адамның жастарын қайта түзеуге тура келген.
«Ең басты мәселе - әлі күнге дейін ағымдағы жыл бойынша былтырғы ұлттық санақ мәліметтерін өңдеуді қаржыландыруға қаражат бөлінбей отыр. Статистикалық жинақтарды баспадан шығаруға биылғы бюджеттен бар жоғы 19 млн. теңге бөлінген болатын, бірақ қалған мәліметтерді өңдеу, оларды кестелеп шығаруға қаражат қарастырылмады», деді агенттік төрағасы. Оның айтуынша, осы мәселеге қатысты бюджеттік жоспарлау барысында тапсырыс берілгенімен де, ол қолдау таппаған. Төрағаның сөзіне қарағанда санақтың қалған мәлеметтерін өңдеу үшін қосымша 61,7 млн. теңге қажет екен.
«Біз қазіргі күні бұл жұмысты өзіміздің ішкі ресурстарымыздың есебінен жүргізіп келеміз. Сондықтан да, былтырғы жылғы санақ мәліметтерін өңдеу мен жариялау жұмыстары тым баяу жүргізілуде. Дегенмен, біз жақын аралықта санақ мәліметтерінің келесі қорытындыларын жариялауды жоспарлап отырмыз», деді Ә. Смайылов.