13:22, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда биыл Астанадағы шағын кәсіпкерлікті несиелеу көлемі күрт қысқарып кетті
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2008 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 2009 жылдың бірінші тоқсанында екінші деңгейдегі банктердің Астана қаласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу көлемі күрт қысқарып кетті.
Бұл туралы бүгін Астана әкімдігінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Астана қаласының жаңа орталығындағы құрылыстың барысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, көретілген кезеңде шағын кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру 16,5 пайызға төмендеген. «Былтыр бірінші тоқсанда 18,9 млрд. теңгенің несиелері берілген болатын. Биылғы бірінші тоқсанды бар-жоғы 6,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Яғни, шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру күрт қысқарып кетті», деді жиында И. Тасмағамбетов.Оның айтуынша, «Даму» қоры берген ақпаратқа сәйкес,мамырдың 22-гі жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктердің Астанадағы филиалдары шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген 3-ші транш қаржысының 17,6 млрд. теңгесін игерген. Сонымен қатар, банктердің шұғыл мәліметтері бойынша соңғы аптада олардың елордадағы филиалдарында жалпы сомасы - 2,2 млрд. теңге 33 жоба жатыр. «3-ші транш қаржысының 78 пайызы игерілді, іс жүзінде берілген несилер 10,3 млрд. теңгені құрады, бұл 202 жоба, яғни 58 пайыз. Бірқатар банктер жұмысты аяқтап қойды. Ал кейбірі қалаға бөлінген қаржыны игеру жоспарын артығымен орындады. Бұлар - Халық банкі, Қазкоммерцбанк, Центр Кредит банкі», деді қала әкімі.Осы орайда И. Тасмағамбетов, Халық банкі қаржыны толық игергенін және олар қосымша тағы 800 млн. теңгені игера аламыз деген ресми өтініш жібергендерін атап өтті. «Бұл сан қазір несиелік ресуртарды алуға дайын шағын және орта бизнестің несилік қоржынынан қалыптасып отыр. Сондықтан, менің ойымша осы мәселені қарастыру қажет. Сіз берген тапсырма бойынша, игермей жатқан банктердегі қаржыны қайтарып алып, қайтадан бөлген жөн», деді.
Премьер-Министр орынбасары Серік Ахметовке «Самұрық-Қазына» қорымен, барлық банктермен осы мәселені шешуге бір апта уақыт берді.
И. Тасмағамбетовтың айтуынша, бірінші тоқсанда екінші деңгейдегі банктер, даму институттары елорда экономикасының нақты секторындағы субъектілерге 77,4 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлген. 2008 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, қала экономикасы үшін берілген несиелердің көлемі тұтастай алғанда 70,9 млрд. теңгені құрады және көрсеткіш 9,2 пайызға өскен.