15:38, 14 Қаңтар 2015 | GMT +5
Былтырғы қаңтар-қарашада Қазақстанның Кеден одағы елдерімен саудасы 18 млрд. 85 млн. долларды құрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы қаңтар-қарашадағы Қазақстан Республикасының Кеден одағы елдерімен өзара саудасы 18 млрд. 084,9 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2013 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 19,3 пайызға аз, соның ішінде экспорт 4 922,3 млн. доллар (10,7 пайызға кем), импорт 13 162,6 млн. долларды (22,2 пайызға аз) құрап отыр.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің хабарлауынша, Қазақстанның экспорт құрылымының көпшілігін минералды өнімдер (Кеден одағы елдерінің барлық экспортының көлеміне 44,1 пайыз), металдар және олардан жасалған бұйымдар (27,6 пайыз), химиялық өнеркәсіп өнімдері (12,2 пайыз), мал және өсімдіктер өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары (5,3 пайызды) құрады.
«Ал Ресей және Беларусь елінен көбінесе машиналар және жабдықтар (Кеден одағы елдері импортының жалпы көлеміне 32,4 пайыз), минералды өнімдері (14,2 пайыз), химиялық өнеркәсіп өнімдері (13,5 пайыз), металдар және олардан жасалған бұйымдар (13,2 пайыз), мал және өсімдіктер өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары (12,1 пайыз) әкелінген», - делінген баспасөз баянында.