Бюджет-2024: Бірқатар министрліктің шығындары азайды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржы министрлігі 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштеріне түзетулер енгізді. Тиісті қаулы «Ашық заңды тұлғалар» порталында жарияланды.

бюджет
Фото: freepik.com

Ең көп бюджеттік қысқартулар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде (5,9 млрд теңге), Көлік министрлігінде (3,8 млрд теңге) және Цифрлық даму министрлігінде (1,9 млрд теңге) тіркелді.

Ал, Сыртқы істер министрлігі сыртқы саяси қызметті үйлестіруге шығыстарды 366 млн теңгеге, сондай-ақ ҚР азаматтарының шетелде құқықтары мен мүдделерін қорғау шараларына бөлінген қаржыны 6 млн теңгеге қысқартуды жоспарлап отыр. Десе де, Сыртқы істер министрлігі шетелдік іссапарларға және халықаралық ұйымдарда елдің мүддесін қорғауға жұмсалатын шығындарды, сәйкесінше, 142 миллионға және 49 миллионға ұлғайтпақ.

ҚР Қорғаныс министрлігі өз шығыстарын 118 млн теңгеге қысқартады. Қысқарту Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етумен байланысты.

Ал, жоғары және орта арнаулы білімі бар мамандарды даярлауға арналған бюджетті 229 млн теңгеге ұлғайту жоспарланған.

Құқық қорғау органдары саласына тоқталсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бюджеті 98 миллион теңгеге қысқартылды.

Ал, Қаржы мониторингі агенттігінің сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күресуге жұмсаған шығыны 300 миллион теңгеге өсті.

Энергетика министрлігі газ тасымалдау жүйесін дамытуға берілетін нысаналы трансферттерді 464 млн теңгеге, Индустрия және құрылыс министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа жұмсалатын шығындарды 2 млрд теңгеге қысқартқанын атап өткен жөн.

Ведомстволық бюджеттердің жаппай қысқартылуына қарамастан Цифрлық даму министрлігі «Электрондық үкіметті» дамытуға 3,9 млрд теңге бөлді.

Туризм және спорт министрлігі бұқаралық және ұлттық спортты дамытуға бөлінген қаражаттың 41 миллион теңгесін, ал Мәдениет министрлігі азаматтық қоғам институттарын нығайтуға және қоғамдық сананы жаңғыртуға бөлінген қаржының 325 миллион теңгесін қысқартты.

Үкімет резерві 6,5 млрд теңгеге ұлғайтылды.

Өзгерістерге қарамастан, 2024 жылға арналған бюджет шығыстарының көлемі өзгеріссіз қалды.