Бюджет ережесіне бағынбайтын 30-дан астам қор бар – аудит
АСТАНА. KAZINFORM – Утильалым сияқты бюджеттік бақылауға жатпайтын парафискалдық қорлардың саны 30-дан асқан. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мүшесі Юлия Энгель мәлім етті.
- Жаңа Бюджет кодексі қабылданғанға дейін бюджеттен тыс қорлардың жұмысы әкімшілендіру мен бақылаудан тыс қалып келді. Олардың жалпы есептілігі жолға қойылмаған. Бюджет кодексі бюджеттен тыс қорлар ұғымын айқындап, олар бойынша есептік ақпаратты ашып көрсету тәсілдерін жүйеге келтірді. Алайда бұл әлі де жеткіліксіз. Мұндай қорлардың нақты саны туралы сенімді ақпарат пен толыққанды есеп әлі де жоқ, - деді ол.
Ал Бюджет кодексінде бюджеттен тыс қордың саны 4-тен аспау керек деп көрсетілген.
- Біздің бағалауымызша, кемінде 30 объектіде осындай қор белгілері бар. Парафискалды төлемдер ерекше назар аударуды қажет етеді. Өйткені қомақты қаражат бюджеттен тыс өтіп жатыр, - деді ЖАП өкілі.
Айта кетейік, Мәжілісте Үкіметпен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралып жатыр.