Бюджет қаражаты есебінен қазақ тілінде жарық көрген 72 оқулық таныстырылады
АСТАНА. 19 қазан. ҚазАқпарат - Ертең Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетте Қазақстан жоғарғы оқу орындарын кітапппен қамтамасыз ету мәселелері бойынша VI Республикалық конференция өз жұмысын бастайды.
Конференцияда жоғарғы оқу орындарына арналған республикалық бюджеттің қаржыландыруымен жарық көрген мемлекеттік тілдегі 72 оқулықты таныстыру рәсімі болады, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.
Мәжілісті ҚР Білім және ғылым министрі Бахытжан Жұмағұлов ашады. ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтарды, бірінші кезекте мемлекеттік тілдегі оқулықтарды дайындау және шығаруға мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Алғашқы рет республикалық бюджеттен бөлінген 137,7 млн. теңге 130 түрлі оқулықты қаржыландыруға жұмсалып отыр.
Конференция аясында техникалық, жаратылыстану, экономика мамандықтары бойынша жоғарғы оқу орындарына арналған, республикалық бюджеттің қаржыландырылуымен жарық көрген мемлекеттік тілдегі 72 оқулықты таныстыру өтеді. Сонымен қатар, ҚР ЖОО қауымдастығы мен жоғарғы оқу орындары жарыққа шығарған оқулықтар көрмесі болады.
Бүгінгі таңда ЖОО қауымдастығының баспа орталығы мемлекеттік тілде 72 негізгі оқулықты жарыққа шығарды. Қалған оқулықтар жарыққа шығарылып, республиканың оқу орындарына осы жылдың аяғына дейін үлестіріледі. Жарыққа шығарылуы жоспарланған және шығарылған оқулықтардың таралымы 160 мың дананы құрайды.
Жалпы отырыста Білім және ғылым министрлігі ҚР Ұлттық кітапханасының қорына, Орталық ғылыми кітапханаға, жоғарғы оқу орындарындағы ғылыми кітапханаларға ЖОО-ға арналған мемлекеттік тілдегі жаңа 72 оқулық сертификаттарын табыстайтын болады.