Бюджет қаражатын игере алмаған министрліктер мен әкімдіктер аталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 8 айда мемлекеттік бюджет шығыстары 98,6 пайызға орындалды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бюджет қаражатын игере алмаған министрліктер мен әкімдіктер аталды
Фото: t.me/Kzgovernment

Министрдің дерегінше, 8 айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары - 98,6, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,3, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,3 пайызға орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 14,5 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді.

«Атқарылмау 107 млрд теңгені, оның ішінде үнемдеу 21 млрд теңгені құрады. Игерілмегені – 86 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт, сондай-ақ Ішкі істер министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін дер кезінде өткізбеу; шот-фактуралармен атқарылған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау және басқалары», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жергілікті бюджеттердің шығыстары 7,7 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 131 млрд теңге.

«Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қыркүйекке 990 млрд теңге бөлінген. Оның 96,8 пайызы игерілген. Атқарылмағаны – 32 млрд теңге, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 31 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу Астана қаласы, Атырау, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында қалыптасты», - деді Ерұлан Жамаубаев.