СҚО-да бюджет қаржысының игерілмеуіне бес себеп бар

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында өткен сегіз айда бюджет 99% орындалды. Алайда игерілмей қалған қаражат 2,6 млрд теңгеден асты.

бюджет
Коллаж: Kazinform/Freepik

СҚО қаржы басқармасының мәліметінше, жергілікті бюджет 99,6%, ал республикалық бюджет қаражаты 94,3% деңгейінде орындалған. Игерілмеген қаржының басым бөлігі Петропавл қаласына тиесілі.

— Облыс орталығында 1,827 млрд теңге игерілмеген. Оның 647,9 млн теңгесі мемлекеттік сатып алу порталындағы техникалық мәселелерге байланысты шарттарға қол қойылмауы салдарынан кешіктірілді. Облыстық бюджет қаражатының уақтылы игерілмеуіне бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында нысаналы трансферттердің кеш аударылуы, коммуналдық қызметтерге көрсетілген қызмет бойынша төлемдердің кейін жүргізілуі, тауарларды уақытылы жеткізбеу және жұмыстар мен қызмет көрсету кестесінен артта қалу бар. Сондай-ақ орындалған жұмыстар актілері мен шот-фактуралардың уақытылы ұсынылмауы да бюджет қаражатының игерілу мерзіміне әсер етеді, — дейді СҚО Қаржы басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.

2025 жылдың қорытындысы бойынша СҚО бюджеті 99,4% орындалған. Салдарынан жыл соңында 3 млрд 219,3 млн теңге игерілмей қалған. Оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттер бойынша игерілмеген қаражат мөлшері 2 млрд 162 млн теңге болған. Бұл соманың 2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен кредиттердің аударылмауына байланысты қалыптасқан.

2025 жылы республикалық бюджетке қайтарылған нысаналы трансферттер сомасы 156 млн теңге болды.

— Биыл облыста бірқатар ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаларды қаржыландыруда кідіріс жоқ. Олардың қатарында Қызылжар ауданының Бескөл ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана құрылысы бар. Сонымен бірге облыстық маңызы бар КТ-85 Прибрежное елді мекеніне барар жолдың 0–2,12 шақырым учаскесін, оның ішінде көпір салу арқылы реконструкциялау жобасы және Петропавлда Ш. Уәлиханов-Чкалов көшелері қиылысында 280 орындық балабақша құрылысы жүріп жатыр, — дейді Қуанышбек Қалижанов.

Бұған дейін СҚО-да құрылыс кезінде 380 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталғанын жазған едік.