Бюджет қаржысын талан-таражға салуға қатысы бар деген күдікті Серік Тұржановқа ресми айып тағылады ? Қаржы полициясы
АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Үстіміздегі жылы Ұлттық халық санағын өткізуге мемлекеттен бөлінген бюджет қаражатын талан-таражға салуға қатысы бар деген күдікті, «Киік фирмасы» ЖШС-ның құрылтайшысы Серік Тұржановқа ресми айып тағылады.
Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Әзірше, оған айып тағылған жоқ. Себебі тергеушілер тиісті іс-шаралар атқарып, Серік Тұржановқа қатысты айып түрін нақтылап жатыр. Айып заңмен белгіленген уақыт аралығында тағылатын болады», деді М.Жұманбай.
Еске сала кетейік, 2009 жылғы ақпан-наурыз айларында Қазақстан Республикасында Ұлттық халық санағын өткізуге мемлекеттік бюджеттен 1 млрд. 144 миллион теңге бөлінген болатын. Қаржы полициясы аталған бюджет қаражатын мақсатты пайдалану бойынша жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде Статистика агенттігінің лауазымды тұлғалары бөлінген қаражатты талан-таражға салғандығын, ысырап еткеніндерін анықтады. Ұлттық халық санағы шын мәнінде 379 миллион теңгеге өткізілгені, ал қаражаттың 764 млн. 800 мың теңге мөлшеріндегі бөлігі лауазымды тұлғалар мен жеке кәсіпорындардың басшыларымен ысырап етілгені белгілі болды. Лауазымды тұлғалар өздерінің қылмыстық пиғылдарын жүзеге асыру мақсатында санақ жүргізу құрал-жабдықтарын бір жерден сатып алу туралы шешім қабылдаған. Ол - жоғарыда аталған «Киік фирмасы».Нәтижесінде Агенттіктің бюджеттік сұраныста артық көрсетілген 764 млн. 800 мың теңге ысырап етілген, оның 497 млн. 800 мың теңгесі жалған кәсіпорындардың есепшоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Бүгінгі күні барлық кәсіпорындарда кешенді тексерулер жүргізілуде, олардың есепшоттарына тыйым салынды.Жоғарыда аталған бюджет қаражатын талан-таражға салуға қатысты деген күдікпен осы күні сондай-ақ Статистика агенттігі төрағасының орынбасары Бірлік Меңдібаев пен «Киік фирмасы» ЖШС бас директоры Александр Нисанов қамауға алынды. Оларға бюджет қаражатын ұрлауға ықпал етті деген айып тағылып отыр.