Бюджет кодексінің жобасына мемлекеттік қарыздың мәселесін шешуге арналған түзетулер енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрлігі бизнесті қолдау бойынша кешенді жоспар әзірлейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Біріншіден, экономиканы дамытудың негізгі шарттарының бірі – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктері қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шараларды іске асырудың тиімділігін арттыруы қажет. Тағы да еске саламын, біздің міндетіміз – биыл инфляцияны 2 есе төмендету. Екіншіден, инвестиция тарту жұмысын күшейту қажет. Сыртқы істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестиция тарту рәсімдеріндегі қордаланып қалған жүйелік проблемаларға жан-жақты талдау жүргізуі тиіс. 1 ай мерзімде оларды жою жөнінде нақты ұсыныстар енгізу керек. Үшіншіден, шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күші болуы тиіс. Ұлттық экономика министрлігі Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша кешенді жоспар әзірлеуі керек. Бұл жұмыс «Атамекен» палатасымен және мүдделі мемлекеттік органдармен өзара бірлесіп атқарылуы тиіс», - деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр Үкімет мүдделі органдармен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеп жатқанын еске салды. Бұл тұрғыда түсінікті және болжамды фискалдық саясат ескерілуі керек.

«Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері қосылған құн салығының әрі корпоративтік табыс салығының мөлшерлемелерін саралау бойынша ұсыныстар әзірлеуі керек. Бюджет кодексінің жобасында мемлекеттік борыштың өсу проблемаларын шешуге, Ұлттық қордан берілетін трансферттерді төмендетуге, сондай-ақ барлық деңгейдегі бюджеттерді игерудің тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер көзделуі тиіс. Қаржылық тәртіпті күшейтіп, бюджет жүйесінің ашықтығын, сондай-ақ мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру керек», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар
Референдум