Бюджет кодексіне салықтық болжаудың қандай жаңа механизмдері енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныcымен салықтық болжаудың жаңа механизмдері қабылданды. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Бюджет кодексіне салықтық болжаудың қандай жаңа механизмдері енгізілді
Фото: Жоғары аудиторлық палата

Мемлекет салықтық болжау және әкімшілендіру саласындағы тәсілдерді жетілдірді. Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы ескеріліп, бұл өзгерістер жаңа Бюджет кодексіне енгізілді. 

— Жоғары аудиторлық палата салық және кеден жүйелеріне жүргізілген аудит қорытындысы бойынша Үкіметке жаңа Бюджет кодексінде «салықтық әлеует» және «салықтық алшақтық» ұғымдарын бекітуді, сондай-ақ салалық мемлекеттік органдардың қолдануын регламенттеуді ұсынды. Нәтижесінде бұл ұсынымдар Мемлекет басшысы 2025 жылы 15 наурызда қол қойған жаңа Бюджет кодексіне енді, — делінген хабарламада.

Мынадай жаңа ұғымдар енгізілді:

«Салықтық әлеует» — салықтық шығыстар мен қадағаланбайтын экономиканы қоса алғанда, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімдерінің ықтимал сомасы;

«Салықтық алшақтық» — салықтық әлеует пен нақты түскен салықтар арасындағы айырма.

Салықтық алшақтық есепті қаржы жылының қорытындысы бойынша Ұлттық статистика бюросының сайтында түпкілікті макроэкономикалық көрсеткіштер (жалпы ішкі өнім, жалпы қосылған құн, бақыланбайтын экономика және т. б.) жарияланғаннан кейін есептеледі. Ол көлеңкелі экономика және жеңілдіктер беру есебінен салықтардың толық түспеуін де қамтиды.

Салықтық алшақтық туралы мәліметтер Салықтық шығыстар туралы талдамалық есепке енгізіледі.

— Жаңа Бюджет кодексінде бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау сапасын жақсартуға, бюджет процестерін оңтайландыруға, парламенттік бақылауды күшейтуге, Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға және т. б. бағытталған жеті түзету блогы көзделгенін еске саламыз, — деп жазды Жоғары аудиторлық палата.

Айта кетейік, бұған дейін 205 «жайлы мектептің» құны 250 млрд теңгеге қымбаттап шыға келгенін жазған едік.