Бюджет тапшылығын қайтарылған активтер есебінен жабуға не кедергі – министр жауабы

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенаттағы Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Ұлттық қор есебінен жабылатын бюджет тапшылығын қайтарылған активтер есебінен жабу неге мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

актив
Фото: Kazinform

Қосымша құн салығын арттыру арқылы Ұлттық қор есебінен жауып жүрген бюджет тапшылығын өтеу көзделіп отырғанын айтып жүрсіздер. Осы 2,4 трлн теңгені қайтарылған активтер есебінен неге жаппасқа? Әлде жыл сайын ондай мөлшерде актив қайтару мүмкін емес пе?», - деп сұрады БАҚ өкілі.

Министрдің сөзінше, қайтарылған активті ақшаға айналдыру белгілі бір уақытты алады. Сондықтан бюджеттің кірісін ол көзге байлап есептеуге болмайды.

«Қосымша құн салығы біреудің қалтасына бармайды. Алдымен республикалық бюджетке барып, одан кейін тиісті әлеуметік шығындарға жұмсалады. Қайтарылатын активтерді алсақ, ол жыл сайын, жүйелі түрде түсетін қаражат емес қой. Кейбір нысандарды қайтарады, иә, одан салық түседі. Ал қайтарылған нысанды сатса, қосымша қаражат түседі. Бірақ біз қосымша құн салығы туралы айтып отырмыз ғой. Ол жыл сайын түсіп тұру керек. Яғни, республикалық бюджетке кепілді түрде түсіп тұру қажет. Ал қайтарылған активтердің сатылуы да мүмкін, сатылмауы да мүмкін. Олардың құны қандай болатыны да белгісіз. Себебі активтерді қайтару деген қолмен істелетін жұмыс», - деді Әлібек Қуантыров.

Мемлекеттік кірістер органдары банктердің табысы 2018 жылдан бері шынымен де 2 есе артқанын мәлім етті. Бірақ бұл жерде банктердің корпоративтік табыс салығы да 2 есе өскенін айту маңызды. 2018 жылы 128 млрд теңге болса, 2022 жылы 260 млрд теңге болды.

Кейінгі 5 жылда банктердің жалпы корпоративтік табыс салығы 1,2 трлн теңге, өзге салықтары 294 млрд теңге болды.