«Бюджет үстінен күн көретін кәсіпорындар азаяды» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 20 тамыз, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Бюджет үстінен күн көретін кәсіпорындар азаяды» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Кемшіліктерге кеңшілік көрсетілмеуі керек» деген мақала басылды. Кеше жұмыс сапарымен Алматы облысына келген Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев Жетісу же­рін­дегі ­сапарын «Жерұйық-Талдықорған» АӨК» ЖШС-да атқарылып жатқан жұ­мыстарды көруден бастады. Жалпы 86 адам еңбек ететін коммуналдық базардың алаңы 6900 шаршы метр. Онда жабық павильон ғимаратында көкөніс, сүт және ет бөлімдері, 14 сауда дүңгіршегі бар. Барлығы 239 сауда орны уақыт талабына сай жұмыс істейді. Модульдік үлгідегі, газ-генераторлы стансасы мен сыйымдылығы 400 тонна, көлемі 1134 шаршы метр жеміс қоймасы тағы бар. Мемлекет басшысына нысанды аралау барысында өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуы, кәсіпорынның жұмысы мен жоспарлары жөнінде баян етілді. Сондай-ақ, Қазақстан Президентіне ауылшаруашылық өнімдерін өсіру, сақтау және сатумен айналысатын кешен­нің жұмысы та­ныстырылды. Нұрсұлтан Назарбаев облыс­тың ауылшаруашылық еңбек­керлерімен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырған аграрлы саланың маңыздылығын атап өтті. Бұл орайда Мемлекет басшысы аграрлық сала өкілдерінің ішкі нарықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отырғанына тоқтала келе, саланың бірқатар кемшіліктерін атап көрсетті. Облыста инновациялық жобалардың жоқтығын, ғы­лыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесіздігін де ашық айтты.

Осы басылымда «Арыс жағасында» ретрофестивалі айрықша өтті» деген мақала берілген. Шәмші фестивалі сонау 90-жылдардың бастапқы тұсында Шымкенттен бастау алғаны аян. Бес жылдан бермен қарата «Арыс жағасында» атты ретрофестиваль ұйымдастырылып жүргені де белгілі. Биылғы іс-шара да айрықша өтті. Ұлы композитор есімін еншілеген гүлзар-саябақ Шәмші Қалдаяқовтың туған күнінде ерекше өрнектелді. Жалпы, биылғы ретрофестиваль өмірден озғанына біраз жылдар өткен бірегей талант иелеріне - Оңтүстік өңірінде туып-өскен композиторларға арналуымен де айрықшаланды. Олар: ұзын саны 300-ден астам әннің, сондай-ақ, көптеген күрделі дүниелердің, яки поэма-сюиталардың, оратория-кантаталардың, тағысын-тағылар­дың авторы Мыңжасар Маңғытаев, қазақтың дәстүрлі әндері әуез-әуендерінің асыл арналарынан үй­рене отырып, ондаған өлмес-өшпес дүниелер қалдырған, әсі­ресе, «Ақ босаға», «Іздеп келем, Жақсыгүл», «Қимаймын» сынды әндері халық арасына кең тараған Мұхаметжан Рүстемов, көп жылдар бойы облыстық филармонияны басқарған сырбаз сазгер, «Мен сені сағындым», «Бақытты бол», «Қызық күндер өтіп кетті ме?» сияқты көп­теген туындылар қалдырған Сей­далы Тұрғынбаев және сонау Созақта дүниеге келіп, туған аймағынан табан аудармаған композитор, «Жұлдызым», «Іңкәр», «Махаббат боп келші сен» сияқты көптеген әндердің авторы Жанғали Меймандосов.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан «сары беттер» негізінде өмір сүруге көшкелі отыр. Тиісті заңның жобасы ендігі ел Парламентінің қарауына енгізіліпті. Бұл жерде әңгіме «Yellow Pages Rule» туралы болуда. Озық дамыған елдерде ол мемлекеттің экономикаға араласуын шектейді. Еліміз де осы жолға түскеннен кейін көптеген шенеуніктер мен оның жақын-жуық, жора-жолдастары жұмыссыз қалуы мүмкін. Өйткені бюджет үстінен күн көретін «жанама» мемлекеттік кәсіпорындар қатары күрт азаяды деп болжануда. Үкіметке «Yellow Pages Rule» («сары беттер қағидалары») талаптарын бекітетін заң жобасын әзірлеуді биылғы жылдың басында Елбасы тапсырған болатын. Содан «кәсіпкерлік қызметтегі мемлекеттің қатысуын шектеу мәселелері бойынша» ұлттық заңнаманы түзететін жаңа заңның жобасы жазылып, Мәжіліске енгізілді. Бұл жобаны бұрынғы Өңірлік даму министрлігі даярлап үлгерген екен. Енді оны Ұлттық экономика министрлігіне қорғауға тура келмек. Алдағы айда жазғы каникулдарынан оралған халық қалаулылары бұл құжатты қолға алады деп күтілуде. Бірақ оның айналасында қазірден-ақ қызу талқылау жүруде. Бұл жайында «Бюджет үстінен күн көретін кәсіпорындар азаяды» атты мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымда «Құлады мұнай бағасы, артында АҚШ тұр, шамасы!» деген мақала берілді. «Кім қалай айтса да, мұнай бағасының көбесі сөгілді. Енді тек мұнай мен газға сүйеніп отырған мемлекеттердің жағдайы ақырындап төмендей бастамақ. Бәлкім, мұның арты әлемдік дағдарысқа да алып келуі мүмкін. ОПЕК (мұнай экспорттайтын мемлекеттердің ұйымы) мұнай корзинасының құны соңғы 14 айдың ішінде тұңғыш рет 100 доллардан төмендеп, 99,94 долларды құрады деп хабарлады картельдің басшылығы. Айта кетсек, бұл - 2013 жылдың 26 маусымынан бергі ең төмен көрсеткіш»,-деп жазады газет. Бұған дейін мұнай бағасы барреліне 101 және 103 долларға дейін төмендеген. Тоғыз айдың ішіндегі бағаның ең төмен құлдилауына дүйсенбі күні Brent маркалы мұнай да тап болды: Brent мұнайы 1 доллардан астамға арзандап, баррелі 103 долларға сатыла бастады. Дүйсенбі күні америкалық WTI мұнай маркасы арзандады, оның баррелі 96,6 долларға сатылуда.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында « На золе ты ее не буди » атты мақала жарияланды. Алматыда екі қабатты көппәтерлі үйді өрт шарпыды. Тұрғындар осы үй әдейі өртелген деген тұжырымды жоққа шығармай отыр. Абырой болғанда бұл апаттан ешкім құрбан болмады, алайда бір азаматты күйік шалып, ол қазіргі кезде ауруханада жатыр. Атап айтқанда үйдің барлық тұрғындарына жуығы құжаттары мен киімдерінен айырылған. Осы жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы қарап шығыңыз.