Бюджет жобасы құпталды - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 26 ақпан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым Парламенттік Ассамблеясының оныншы қысқы мәжілісі кеше өз жұмысын аяқтады. Венаның Хофбург сарайында екі күнге жалғасқан отырыс жария түрде қауіпсіздік мәселелерінің кең ауқымын талқылап үлгерді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Венадағы Парламентаралық үнқатысу» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті болып табылатын Қ.Тоқаев Ассамблеяның Саяси мәселелер мен қауіпсіздік жөніндегі жалпы комитетінің мәжілісінде ядролық қаруды таратпау проблемасына арналған баяндама жасады. «Ядролық қарусыздану үдерісін халықаралық қоғамдастықтың қатаң әрі тиімді бақылауына қою үшін әлемдік қоғамдастық жоғары саяси деңгейде қол жеткізілген барлық келісімдерді толығымен орындауға бағытталған шараларды қолдануы тиіс», - деген Сенат Төрағасы.
***
Осы басылымда Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменовтің «Бесіктен белі шықпай жатып, өмірден неге түңіледі?» деген мақаласы жарияланды. Автордың ресми деректерге сүйеніп жазуынша, 2009 жылы елімізде 260 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсап өмірмен қош айтысқан. Жағдай өткен жылы да түзеле қойған жоқ, ел бойынша осындай 237 оқиға тіркелді. Үстіміздегі жылдың да жақсылығы шамалы болғалы тұрғандай. Бұл - қаншама ата-ана қара жамылып, ботасынан айырылған бозінгендей еңіреп қалды, мыңдаған жүректерге жара түсті деген сөз. «Жасөспірімдердің өздеріне өздерінің қол салуына көбінесе айтылған сынды дұрыс қабылдамауы, қиындықтарға төзбеуі себеп болады. Сондай-ақ, қоғамдағы жат қылықтарға әуес, нашақорлар мен маскүнемдер суицидке бейім келеді. Өзіне өзі қол жұмсайтын жастардың көбеюі - еліміздегі жастар саясатының деңгейінің төмендігін көрсетеді», - деп жазады халық қалаулысы.
***
«Көршілес өзбек ағайындар Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымовтың ескерткішін тұғырынан түсіріп, Ташкенттегі батырдың атындағы метрополитен стансысы мен ауданнан оның атын алып тастағаны баспасөз бетінде үлкен дүрбелең туғызып, қоғамдық қозғау салды. Бұл оқиғаға орай түрлі пікір айтушылар көбейді. Батырдың есімін ұлықтауды сөз жүзінде қалдырмай, іс жүзіне асырушылар да төбе көрсетіп қалды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов төрағалық ететін қалалық онамастикалық комиссия Өзбекстан Орталық партия комитетінің хатшысы болған Ш.Рашидовтың атындағы көшені қазақтан шыққан тұңғыш генерал С.Рақымовтың есімімен ауыстыру туралы шешім шығарған. Бұл жайында егжей-тегжейлі ақпарат алғыңыз келсе, «Сабыр Рақымов Ш.Рашидовтың көшесін «тартып» алды» деген мақаланы оқыңыз.
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Мағжанның мұражайында Лениннің суреті ілініп тұр. М.Жұмабаевтың туған ауылы Сарытомардағы осы мұражайға бас сұққан адамдардың көбі бұл суреттің неліктен ілініп тұрғанын сұрайтын көрінеді. Ал сұрауға дәбі бармағандары өздерінше топшылап, «сол баяғы тірі жүрген коммунистердің ісі шығар» дейді екен. Шынымен де, қалалардағы тас мүсіндеріне дейін алынып тасталып жатқанда, поэзия пайғамбары атанған қазақ ақыны мұражайының қақ төрінде маңдайы жалтырап «күн көсемінің» тұруында не сыр бар? Бұл құпияны білгіңіз келсе, басылымдағы «Мағжанның суретін Ленин құтқарып қалды» деген мақалаға назар салыңыз.
***
«Келесі аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын халыққа сату» тапсырмасына қатысты Үкіметте, Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен, кең ауқымды талқылау өтпек», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Бюджет жобасы құпталды» деген мақаласында. Президенттің тапсырмасына сәйкес, билік осы жылдың соңына дейін «Самұрық-Энерго» АҚ, «KEGOC» АҚ және «Қазпошта» АҚ-тың акцияларын қор нарығында орналастыруды қамтамасыз етуге міндетті. Ұлттық компаниялардан кішкентай болса да үлес еншілегісі келген қазақстандықтардың таңдауына ұсынылатын кәсіпорындар тізімі мұнымен шектелмейді: 2012 - 2013 жылдарда «ҚазМұнайГаз»-дың, «Қазақстан темір жолының» және «Қазатомпром» АҚ-тың акциялары қор нарығына шығарылуға тиіс.
Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанынан бастап азаматтарды құжаттандыру құзыры қайтадан Ішкі істер министрлігіне берілмек. Бұл турасында «Айқын» газетінде жарық көрген «Төлқұжат беруді қайтадан Ішкі істер министрлігі жүзеге асырады» деген мақалада кеңінен баяндалған. Министрлік жанынан Көші-қон полициясы комитетін құру еліміз тұрғындарының біртұтас мониторинг жүйесі мен оларға қатысты толық ақпараттар жиынтығын жинауға жол ашады. Сондай-ақ бұл азаматтарға жеке куәлік пен төлқұжаттарды кешіктірмей беруге бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Қазақстанда тұрып жатқан шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұрғындарды есепке алу, оларға еліміздің азаматтығын беру туралы ұсынысты тексеру мен сараптау да осы комитеттің құзырына берілмек.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевты қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Қ.Бозымбаев Президентке 2010 жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, ағымдағы жылға арналған жоспары туралы баяндады. Кездесу барысында сондай-ақ Жамбыл облысында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы әңгіме болды. 2010 жылы инвестиция тарту көлемі 140 миллиардтан астам теңгені құрады, бұл 2009 жылғыдан 58 пайыз артық. Өңдеуші, металлургиялық және кен-байыту салалары басым бағыттар болып табылады.