Бюджеттен ақша бөлінген жоқ: Көлік министрі ҚТЖ экс-басшысының сынына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, кәсіпкер Ерлан Атамқұловтың сынына жауап берді.
«ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы Ерлан Атамқұлов You Tube арналардың біріне берген сұхбатында сіздің сөзіңізге сілтеме жасай отырып, мемлекет бір шақырым теміржол салуға, 4,3 млн доллар бөліп жатқанын, мұндай схема арқылы салынатын әр шақырым теміржолдан кемінде 2,3 млн доллар ақша жымқыруға болатынын айтты. Осы сынға не деп жауап бересіз? Әңгіме қандай жоба туралы болып отыр?» - деп сұрады журналист.
Марат Қарабаев аталмыш сұхбатты көрмегенін, сондықтан нақты қандай жоба туралы айтылып отырғанын білмейтінін айтты.
«Жалпы қазіргі таңда салынып жатқан жаңа теміржолдар республикалық бюджеттен, яғни министрлік тарапынан қаржыландырылып отырған жоқ. Сондықтан ол сынға мүлдем кері жауап беремін. Министрлік бұған ақша бөліп отырған жоқ.
Республикалық бюджеттен «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» бағытындағы жолдарды салуға ақша бөлінбеген.
Бұлардың баршасы ҚТЖ-ның түрлі қаржы көздерінен алынып жатыр. Бірақ республикалық бюджеттен ақша бөлініп отырған жоқ», - деді министр.