Бюджеттен қосымша құн салығы ретінде бөлінген 8 миллиард теңге қолды бола жаздады – Салық комитетінің төрағасы

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Салық комитетінің өкілдері аталмыш қаржыны қаржы полициясы органдарының қырағылығы арқасында қолды болуының алдын алған. «Бізде бүгінгі таңда Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен тығыз байланыс бар. Биылғы жылдың жартысында орын алған жалған кәсіпкерлікке қатысты әрекеттерге осы органның көмегімен қарсы тұрдық. Атап айтқанда, қаржы полициясының қызметкерлері бізге салық саласындағы заңсыздықтар бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізумен көмек көрсетті. Сонымен қатар олар қаржы саласындағы заңсыз әрекеттермен айналысып жүрген бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесті. Бұл бағыттағы бірлескен қимылдар алдағы уақытта да көптеген келеңсіздіктердің бетін ашуға мүмкіндік береді деген ойдамын», деді Комитет төрағасы.