Бюджеттен тегін медқызметке жұмсалатын шығынның 27%-ы қысқарады — заң жобасы
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге арналған заң жобасын көпшілік талқылауына шығарды.

Заң жобасында бірнеше медициналық қызметке жұмсалатын бюджет қаражатын қайта бағыттауды көздейтін бірнеше норма ұсынылып отыр. Мысалы қазір МӘМС жүйесінен тыс қалып отырған бір миллион адам үшін жергілікті бюджеттер есебінен жарна төлеу ұсынылып отыр.
— Бүгінгі таңда 16,7 млн адам (83%) сақтандырылған. Оның ішінде 11,9 млн адам (58,9%) халықтың жеңілдікті санаттарына жатады. Олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Соның өзінде шамамен 3,5 млн (17,5%) адам МӘМС жүйесінен тыс қалды. 2,5 млн адам өмір сүру деңгейі қолайлы және қанағаттанарлық азаматтар, 1 млн адам — әлеуметтік саламаттылықтың дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) деңгейлеріне жататын, яғни табысы төмен, отбасының негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндігі жоқ азаматтар. Бұл азаматтардың жарналарын медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті бюджеттер есебінен төлеу ұсынылады, — деп жазылған баспасөз релизде.
Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіндегі сырқатқа шалдыққаны туралы күдік туындаған жағдайда тегін консультациялық-диагностикалық көмек көрсету жоспарланып отыр. Яғни, жаңа заң осындай азаматтарға тегін диагностикадан өтуге мүмкіндік береді.
Бұл туберкулез және АИТВ-инфекциясынан басқа әлеуметтік мәні бар ауруларды тегін диагностикалауға жол ашады.
— 2027 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмекті Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі пакетінен МӘМС пакетіне ауыстырыла отырып, шығыстардың арақатынасы ТМККК-ге 30% және МӘМС-ке 70% болатын қаржыландырудың басым сақтандыру моделіне көшу жөніндегі жұмыс аяқталады деп жоспарлануда. Биыл шығыстардың арақатынасы ТМККК-ға 57%-ды және МӘМС 43%-ды құрайды. Осылайша міндеттемелердің негізгі бөлігі денсаулық үшін ортақ жауапкершілік қағидаттарын іске асыру үшін сақтандыру жүйесіне көшірілетін болады, — деп жазады министрлік өкілдері.
Ресми мәліметке сенсек, МӘМС-ке айлығы жоғары қазақстандықтардан 250 млрд теңге түспей жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін азаматтар «Әлеуметтік әмиян» электрондық сервисі арқылы тегін дәрі-дәрмек ала бастағаны хабарланды.