Бюджетті оңтайландыру аясында бірқатар әлеуметтік бағдарламалар өзгеріске ұшырайды - Г. Қарағұсова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бюджетті оңтайландыру аясында бірқатар әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру тетігі өзгеріске ұшырайды. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиналысында Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова осылай мәлімдеді.

Бюджетті оңтайландыру аясында бірқатар әлеуметтік бағдарламалар өзгеріске ұшырайды - Г. Қарағұсова

Еске салайық, фракция отырысында «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

Комитет төрайымының айтуынша, кеше ел Үкіметі мен Республикалық бюджет жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, онда Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2015 жылдың бюджеті нақтылау, алдағы үш жыл бойынша бюджет параметрлеріне тиісті өзгерістер жасау мәселесі талқыланған. Тұтастай алғанда бюджеттің параметрлерін өзгертудің негізгі себебі мұнайға әлемдік бағаның құбылуы болып отыр. Сонымен қатар, ІЖӨ өсімі де төмендейтіні болжанған, бұл да бюджет шығыстарын оңтайландыруға себеп болып табылады.

«Бюджет шығыстарын қысқартудың негізгі бағыттары бойынша жалпы сомасы 690 миллиард теңге қамтылғалы отыр. Бұл ретте біріншіден, 2015 жылға жоспарланған әрі басталмаған жобалар мен бағдарламалар қысқартылады әрі оларды жүзеге асыру мерзімі 2016 жылға шегеріледі. Бұдан кейінгі бағыт, шығыны жоғары және жүзеге асыру мерзімі ұзақ жобаларға қатысты. Ондай жобаларды жүзеге асыру бойынша басты ауыртпашылық келесі жылға ауыстырылады. Тиімділігі төмен бағдарламалар мен жобалар да оңтайландырылады», - деді Г. Қарағұсова.

Оның сөзіне қарағанда, депутаттардың ұсыныстары бойынша іссапар шығындары, сараптамалық және консалтингтік зерттеулер шығындары, ақпараттандыру, әкімшілендіру саласындағы жекелеген шығындар қысқартылады. Ал әлеуметтік салада төрт бағыт бойынша шығыстар үлесі өзгеріссіз қалмақ, яғни 39-40 пайыз бекітілген бастапқы бюджет деңгейінде сақталады.

«Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру бағыты өзгереді. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының тиімділігін арттыру өзекті бола түседі. Бұл ретте, бірінші бағыт - «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға халықтың нысаналы топтарын жұмылдыру көзделеді. Екінші бағыт - өңірлік даму бағдарламасының шығыстары біршама қысқартылады. Үшінші - ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту «Жол картасы-2020» бағдарламасымен үйлестіріліп, трансформацияланады. Төртінші бағыт - жергілікті атқарушы биліктің нысаналы бағдарламалары есебінен жұмысшыларды оқытып, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету ұсынылады», - деді Г. Қарағұсова.