Бюджеттік бағдарламалар нәтижелі болмаған жағдайда бірінші басшылар жауапкершілікке тартылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізілмегені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жауапкершілікке тартылады.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, нәтижелерге қол жеткізуге назар аудара отырып, бюджет жобасы мен оның атқарылуы туралы есепті ұсыну мақсатында Парламентте республикалық бюджет жобасын қарау кезінде стратегиялық жоспарлардың жоспарланған нысаналы индикаторлары (бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижелері) туралы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің басшыларын тыңдау көзделген. Бұдан бөлек құжатта республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепте бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу туралы ақпаратты көрсету, сондай-ақ Парламентте республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті талқылау кезінде бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу туралы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің басшыларын тыңдау ескерілген.
«Қаражатты қайта бөлу құқығын беруге байланысты бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізілмегені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен бюджеттік бағдарламалар басшыларының тәртіптік жауапкершілігі енгізілді. Бұл ретте «бюджеттік бағдарламалардың атқарылмауы» және «бюджеттік бағдарламалардың бюджет қаражатының игерілмеуі» деген ұғымдар енгізіледі»,-деді Е. Досаев.