Бюджеттік мекеме дизель отынын бес есе қымбатқа сатып алмақ болған
Ведомствоның мәліметінше, мониторинг нәтижесі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор сатып алатын тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге бағаны негізсіз қымбаттату фактісін көрсетті.
Айталық, Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының жанындағы «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ МКК-да дизель отынының құнын төмендету арқылы 11 753 000 теңге үнемделді. Оны сатып алу бастапқыда жалпы сомасы 56 350 000 теңгеден немесе литріне 350 теңгеден жоспарланған болатын.
Өңірдің басқа коммуналдық мемлекеттік мекемесі АИ-95 бензинінің жалпы сомасы 33 809 082 теңгеден немесе 1 литрін 170 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған, ал осы маркалы бензиннің 1 литріне орташа нарық бағасы - 151 теңге. Департаменттің араласуынан кейін ұйым мемлекеттік сатып алу бағасын төмендетті. Тауарды сатып алуға жоспарланған шығыннан 3 734 563 теңге үнемделді.
«Жыл басынан бері облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алуларға жүйелі түрде талдау жүргізуде. «Сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесінің негізгі артықшылығы жоспарлау кезеңінде онлайн режимінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда біз енгізген ұсыныстардан кейін сатып алуға жоспарланған тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің аса көтерілген бағасын төмендету арқылы 100 миллион теңгеден астам қаражат үнемделді. Бұл мәселе ерекше бақылауда», - деп атап өтті облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы Мұрат Төлеубаев.