Бюджеттік саясат негізінен мемлекеттік қаржы құрылымдарының теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталады - С. Ахметов

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Бюджеттік саясат негізінен мемлекеттік қаржы құрылымдарының теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының мақұлдануына қатысты пікірін білдірген ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай мәлім етті.

Бюджеттік саясат негізінен мемлекеттік қаржы құрылымдарының теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталады - С. Ахметов

Үкімет басшысы келесі 2014 жылы әлемдік экономикадағы дағдарыс көріністерінің жалғасуына орай экономиканы контрциклды реттеу шаралары жалғасатынын мәлімдеді. С. Ахметовтың айтуынша, жоспарланған деңгейде әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге де Үкімет барлық күшін салады.

«Жалпы, орта мерзімді кезеңге арналған бюджеттік саясат негізінен мемлекеттік қаржы құрылымдарының теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Ал бюджеттік саясаттың негізгі басымдықтарына әлеуметтік жаңғыру, өңірлерді дамыту, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдап, дамыту, сонымен қатар, индустрияландырудың серпінді дамуына жағымды орта қалыптастыру болып табылады», - деді Премьер-Министр.