Бюджеттің әрбір теңгесі тиімді жұмсалуы қажет - Павлодар облысының әкімі

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру үшін биыл 5,2 млрд. теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына - 4,5 млрд. теңге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына - 4 млрд. теңге қарастырылды.

Бюджеттің әрбір теңгесі тиімді жұмсалуы қажет - Павлодар облысының әкімі

 VI шақырылымдағы Павлодар облыстық мәслихатының кезекті сессиясында сөйлеген өңір басшысы Болат Бақауов осы деректерді атап өтті.

Сондай-ақ ол бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджет қаражатын пайдалану кезінде тиімділік пен басымдылық принциптерін ұстануды тапсырды.

- Биліктің атқарушы органдары мен депутаттық корпус жүргізілген жұмыстардың сапасын және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қатаң бақылауға алуы тиіс, - деп атап өтті аймақ басшысы. - Бюджеттік қаражаттың әрбір теңгесі нәтиже беруі қажет. Біз қаржының мақсатсыз жұмсалуын болдырмау үшін барлық шараны қабылдауымыз керек. Бүгінгі таңда дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша қомақты қаражат бөлініп жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру үшін биыл 5,2 млрд. теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына - 4,5 млрд. теңге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына - 4 млрд. теңге қарастырылды. Осыған байланысты бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тиімділік пен басымдылық қағидаттарын ұстануға міндетті, ал ревизиялық комиссия болса, материалдарды қарап, ондағы кемшіліктерді толықтай жоюға қол жеткізуі қажет, - деп тапсырды облыс әкімі Болат Бақауов.

Сонымен бірге, аймақ басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының шеңберіндегі 5 институционалды реформаларды жүзеге асыруға баса назар аударды.

- Біздің бірлескен қызметімізде азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, аймаққа инвестициялар тарту, жаңа өндіріс ошақтарын ашу, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмдерін жүзеге асыру мәселелеріне басымдық беріледі.