Бюджеттің жұмсалуында 86,6 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 8 айында 86,6 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты.  Бұл оның Астана әкімі қызметіне тағайындалардың алдындағы министр ретіндегі соңғы баяндамасы болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджет қаражатының жұмсалуы тұрақты бақылауда. Есепті кезеңде бюджет қаражатының 923 млрд теңгесі аудиторлық шаралармен қамтылды. Қаржылық бұзушылықтардың өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда төмендеуі байқалады. Барлығы 86,6 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Осы соманың 53,3 млрд теңгесі аудит барысында қалпына келтірілді», - деді ол.

Сонымен қатар ол жекешелендіру мәселесіне тоқталды.

«Кешенді жоспардың 887 нысанынан ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша  515 нысан сатуға қойылған болатын. Оның ішінде сомасы 246 млрд  теңгенің 435 нысаны сатылды. Сату экономикалық жағынан тиімсіз болуына және үш нысанның сауда-саттық нәтижелері бойынша сатылмағандығына байланысты, 269 нысан қайта ұйымдастыру және тарату сатысында. Осылайша, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі қайта ұйымдастырылған және таратылған нысандарды ескере отырып, Жекешелендірудің кешенді жоспары 79,4 пайызға орындалды», - деді Бақыт Сұлтанов.

Жалпы алғанда, министрдің айтуынша, жекешелендіру процесі сату кестесіне сәйкес жүріп жатыр.

«Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы да 70 нысанды, оның 15 республикалық меншік, 24 коммуналдық меншік нысанын, 31 ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың активтері сатуға қойылады»,-  деді министр.

Еске сала кетсек, ҚР Президентінің Жарлығымен Бақыт Сұлтанов Астана қаласының әкімі болып тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар
telegram