Бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету бағытында жұмысты едәуір күшейту қажет – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету бағытында жұмысты едәуір күшейту қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының әрбір жолы – қазіргі заманның шынайы талаптары мен сын-қатерлеріне жауап беретін маңызды әрі дер кезінде жарияланған құжат. Президенттің Жолдауын сапалы іске асыру біздің басты міндетіміз. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл мақсатқа экономиканың құрылымын өзгерту арқылы қол жеткізе аламыз. Салалардағы мұндай өзгерістер қазірдің өзінде тау-кен секторының үлесін азайтып, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ біз жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға басымдық беретін боламыз. Бұл саланың әлеуеті үлкен», - деді отырыста ашқан Премьер-Министр.
Осы ретте Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктер барыннша көңіл бөлуі тиіс проблемаларды нақты белгілеп бергенін еске салды.
«Барлық мемлекеттік органдар Президент айтқан тапсырмаларды жан-жақты пысықтап, қойылған міндеттерді шешудің нақты жолдарын айқындауы қажет. Бұл ретте біз бюджет қаражатын оңтайлы жұмсауға барынша көңіл бөлуіміз керек. Республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету бағытында жұмысты едәуір күшейту қажет. Жолдауда инвестициялық ахуалды жақсарту, елдің өнеркәсіптік әлеуетін ашу, инфрақұрылымдық проблемаларды шешу жөніндегі мақсаттар көрсетілген», - деді Үкімет басшысы.