Бюро отырысында Палатаның жалпы отырысының күн тәртібі жобасы қалыптастырылды
АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы Палата Бюросының отырысы өтті.
Онда заң жобаларының дайындығы туралы салалық комитеттердің ұсыныстары тыңдалды, соның негізінде Палатаның жалпы отырысының күн тәртібі жобасы қалыптастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қаржы және бюджет комитеті еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне ақша төлемі мен аударымы, қаржы ұйымдарының бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын екінші оқылымда қарау жөнінде ұсыныс жасады. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұсынысы бойынша кейбір заңдарға бағалау қызметі мәселелері бойынша түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасын екінші оқылымда талқыға салу мәселесі қаралды.Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу және Мәжілістің қоржынында жатқан заң жобалары бойынша жұмысты жалғастыру жөніндегі мәселелер күн тәртібі жобасына енгізілетін болды. Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларына Сенат енгізген толықтырулар да Палата талқысына шығарылады.
Бюро отырысында «Қазақстанның Австриядағы экономика күндерін» өткізу шеңберіндегі бизнес-форумның жұмысына қатысу туралы (Вена қаласы, Австрия Республикасы, 2009 жылғы 20 мамыр), сондай-ақ Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі еуразиялық топтың отырысының жұмысына қатысу жөніндегі (Санкт-Петербург қаласы, Ресей Федерациясы, 2009 жылғы 8-10 маусым) мәселелер қаралды.