Бюро Сенат отырысының күн тәртібін бекітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат Бюросының отырысы болды.

Бюро Сенат отырысының күн тәртібін бекітті

Жоғарғы Палатаның 19 маусымда болатын кезекті отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар талқыланды. Сенаторлардың қарауына бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялау ұсынылады. Атап айтқанда, олар 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы, Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын Кеден одағының кеден аумағы арқылы өткізу тәртібі туралы келісімді, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкімен Қарыз туралы келісімді (Сот төрелігі секторын институционалдық нығайту жобасы), Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы екіжақты үкіметаралық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан мен Сингапур арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары. «Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңға түзетулерді де қарау жоспарланып отыр.

Депутаттардың қарауына сондай-ақ «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы», заңнамаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы осы құжатқа ілеспе заң жобасы (бірінші оқылым) және бірқатар заңнамалық актілерге мемлекеттік басқару мәселелері бойынша түзетулер жобасы (бірінші оқылым) да ұсынылады.

Бас комитеттердің төрағалары Сенат отырысына заң жобаларының әзірлігі туралы баяндады.

Бюрода одан басқа Мәжілісте мақұлдаған заң жобалары бөлініп берілді. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасының нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы», Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы Қазақстан мен Эстония арасындағы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытайға ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заңдардың жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Ауғанстанды тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға Италия Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстанның аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы Қазақстан мен Италия арасындағы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы, Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы және Шекара өкілдерінің қызметі туралы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.