Бюрода Сенат отырысының күн тәртібі келісілді және Палата жоспары нақтыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенат Бюросының отырысында Палатаның 10 қыркүйекте болатын кезекті отырысының күн тәртібі қаралды.
Сенаторлар бірқатар халықаралық құжаттарды, атап айтқанда Қазақстан мен Румыния арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық қөмек туралы шартты, Қазақстан мен Болгария арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты, сондай-ақ Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы америкааралық конвенцияны ратификациялауды жоспарлап отыр. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай заң жобаларының Палата отырысына әзірлігі туралы баяндады.
Бюро мүшелері Сенаттың 2015 жылға арналған шаралар жоспарына өзгерістерді де бекітті. Түзетулерге сәйкес, бірқатар үкіметтік сағаттар, Сенат комитеттерінің көшпелі отырыстары, конференциялар, дөңгелек үстелдер мен мемлекеттік органдар басшылығымен кездесулер болмайтын болды. Кейбір шаралар кейінірек уақытқа шегерілді. Палата Төрағасы Қ.Тоқаев бұдан бұрын айтқандай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың институттық реформаларын қамтамасыз ету жөніндегі заң жобалары бойынша жұмыстардағы берілген басымдықтарды ескере отырып, депутаттарға жоспарларды нақтылау ұсынылды.