Біз Қырғыз – Ресей стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын жоғары бағалаймыз – Садыр Жапаров
«Біз Қырғыз-Ресей стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қарым-қатынасын жоғары бағалаймыз», - деп мәлімдеді Қырғыз Республикасы президенті Садыр Жапаров Ресей президенті Владимир Путинмен кеңейтілген келіссөзінде. Kazinform бұл туралы Кабар ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қырғыз Республикасы басшысы өз сөзінде Путиннің қырғыз еліне сапарының үлкен символдық мәні бар екенін, себебі ол «Кант» авиабазасының 20 жылдығы мен Қырғыз-Ресей Славян университетінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
«Екіжақты қарым-қатынасымыздағы бұл маңызды оқиғалар – достығымыздың нышаны. Біз Қырғыз-Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қарым-қатынасын жоғары бағалаймыз», - деді С.Жапаров.
Сөз соңында С.Жапаров Қырғыз Республикасы Ресей үкіметі басшылығының, Сыртқы істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Росгвардия және басқа да делегациялардың Бішкекке сапарын жоғары бағалайтынын атап өтті.
«Біз Қырғызстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық еткен кездегі еңбегін жоғары бағалаймыз. Ресей эстафетаны қолға алып, 2024 жылы ТМД-ға төрағалық етеді», - деді Ресей президенті Владимир Путин Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында.
Сондай-ақ РФ президенті Владимир Путин бүгін, 12 қазанда Садыр Жапаровты «Құрмет» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.
«Ресей мен Қырғыз Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарын нығайтуға, Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Нұрғожоұлы Жапаров «Құрмет» орденімен марапатталсын», - делінген жарлықта.
Айта кетейік, Владимир Путин Бішкекке ресми сапармен барды. Ол сонымен қатар ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысады.