Біз прокуратураның бюджет қаражатын тексеруін қолдаймыз – Павлодар облысының әкімдігі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -  Павлодар облысының әкімдігі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын іске асыру аясында бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша түсіндірме ақпарат берді.

 Біз прокуратураның бюджет қаражатын тексеруін қолдаймыз – Павлодар облысының әкімдігі
Фото: Kazinform

Бұған дейін Павлодарда қоныс аударуға бөлінген қаражат жымқырылғаны туралы хабарлаған едік. Прокурорлар тек 6 аудан бойынша 600 млн теңге шығынды анықтаған. Аталған жайт бойынша Павлодар облысының әкімдігі түсіндірме ақпарат берді.

«Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Павлодар облысында азаматтарды жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы республиканың халық саны аз қоныстанған солтүстік елді мекендеріне көшіру жобасын іске асыру аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілерінің анықталғаны туралы ақпарат таралды. Осыған орай, түсіндірме ақпарат беруді қажет деп санаймыз. Аталған жоба аясында Павлодар облысына 20 мыңға жуық қоныс аударушылар мен қандастар көшіп келді. Олардың 48%-ы әртүрлі біліктілігі бар еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Келгендердің жартысы – мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар. Балалардың келуі ауыл мектептеріндегі оқушылар санының көбеюіне оң әсерін тигізді, кейбір жағдайларда мектептердің жабылуының алдын алып қалды. Мәселен, Аққулы ауданының Майқарағай ауылының мектебінде 26 бала оқыды, соңғы екі жыл ішінде мұндағы оқушылардың саны 69-ға дейін өсті. Шарбақты ауданының Шегірен ауылында оқушылар саны 70-тен 140-қа дейін өсті. Қоныс аудару жобасын іске асыру Ақтоғай ауданының Барлыбай ауылында, Тереңкөл ауданының Жаңақұрылыс ауылында, Успен ауданының Ольгино, Белоусовка, Қаратай, Константиновка ауылдарында және т. б. оқушылар санының өсуіне әсер етті», - делінген ақпаратта.

2017-2023 жылдар аралығында қоныс аударушылардың тұрғын үйді жалға алу шығындары өтелген. Төлем мөлшері 15-тен 30 АЕК-ке дейін болды. 2023 жылдан бастап тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін қоныс аударушыларға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндік беретін мемлекеттік экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілгені мәлім. Сертификат тұрғын үй құнының 50%, бірақ, 1160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде беріледі. Өткен жылы өңірдің мансап орталықтары осындай 542 сертификат беріп, олар бойынша 1,9 млрд теңге қаражат төленген.

«Өкінішке қарай, қазіргі уақытта үйлерді сатушылар мен қоныс аударушылар арасында үйлердің бағасын көтеру туралы өзара келісу жағдайлары анықталып жатыр. Алайда экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беруде жұмыс органы болып табылатын мансаптық орталықтардың функционалында мұндай фактілерді анықтауға және жолын кесуге құқықтық өкілеттіктері жоқ. Біз прокуратура органдарының қоныс аударушылардың алған бюджет қаражаттарын тексеруге араласуын құптаймыз және оларға жан-жақты қолдау көрсетеміз», - деп мәлімдеді өңірлік әкімдіктен.

Ақпаратта сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жылжымайтын мүлікке жоғары бағаларды көрсете отырып келісімшарттар жасасу, сертификаттарды заңсыз беру және олар бойынша жүргізілген төлемдерді жымқыруға қатысы бары жөнінде шағымдар жоқ екені атап өтілген.