Біздің азаматтарды АҚШ-тан шығарып жіберу туралы ақпарат түскен жоқ — СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тағы миграциялық саясаттың қатаңдатылуына байланысты Қазақстан азаматтарының тағдырына қатысты түсінік берді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Бүгінде Сыртқы істер министрлігіне немесе Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне ешкім жүгінген жоқ. Елшілік мәселені бақылауда ұстайды. Жақында ғана елшілік АҚШ-тағы қазақстандықтарға үндеу жариялады. АҚШ-тың көші-қон заңнамасы күшейтіліп жатқанын және біздің азаматтарға ескерту жасалғаны хабарланды, — деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Министр орынбасарының айтуынша, қудалауға негізінен виза режимін бұзған азаматтар ұшырайды. 

— Бірқатар объективті немесе субъективті жағдайларға байланысты адамдар АҚШ-қа туристік визамен барып, болу мерзіміне назар аудармай, заңды бұзатыны - қалыпты тәжірибе. Мұндай азаматтардың Отанына оралуына мүмкіндік беретін белгілі бір шаралар мен тетіктер бар. Міндетті емес болып саналатын консулдық есепте тұрған қазақстандықтарға келетін болсақ, олардың саны - шамамен 25 мың адам, — деп толықтырды ол.

Сондай-ақ Әлібек Бақаев әзірге Қазақстан азаматтарын АҚШ-тан шығарып жіберу туралы ақпараттың жоқтығын айтты. 

Еске сала кетсек Дональд Трамп билікке келе сала АҚШ-та жұмыс істеуге рұқсат беретін миграциялық қосымшаның жұмысын тоқтатты.

Осыдан бірер күн бұрын АҚШ-тағы миграциялық саясаттың қатаңдатылуына байланысты Қазақстан елшілігі шетелде құжатсыз, визасыз жүрген қазақстандықтарға ескерту жасады.

Одан бөлек АҚШ шетел азаматтарына қандай визалар беретіні туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар