Бізге жиі сынатын арзан жабдық қажет емес – Ерболат Досаев мемлекеттік сатып алу туралы пікір білдірді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде БАҚ өкілдері әкімдік тарапынан жүргізілген мемлекеттік сатып алу туралы сұрақ қойды.

- Кеше Алматы мектептеріне ас үй жабдықтарын сатып алуға байланысты Антикордың зерттеу жүргізгені белгілі болды. Сатып алуға белгіленген ресми баға 20 миллион болса, жабдықтарды 60-70 миллионға алғалы жатқан. Былтыр да 20 шақты мектепке мұндай жабдықты алған. Былтырғы сатып алуға байланысты кім зерттеу жүргізеді және жоғары бағалар үшін кім жауап береді, – деді журналист.
Алматы әкімі мектептерге ас үй жабдықтарын сатып алуға байланысты зерттеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық әкімшілікпен бірге жүргізгенін және 1,9 млрд теңге бюджетке қайтарылғанын айтты. Сондай-ақ Ерболат Досаев мемлекеттік сатып алу жүйесінің кей талаптарымен келіспейтінін атап өтті.
- Кешегі ақпаратқа байланысты, біз Антикормен бірге бұл жұмысты істедік. Ештеңе сатып алынбады. Екіншіден, ұсынылған 20 миллион теңгеге келіспеймін. Егер осы жыл ішінде арзан ас үй жабдығын алып, ол бұзылғандықтан қайта жөндейтін болсам, маған мектеп үшін мұндай жабдық қажет емес. Сондықтан мұндағы мәселе – баға мен сапа талабын орындау. Бізде барлығы ең арзан бағада болуы керек те, сосын бәрі «неге сонша сапасыз» деп сұрайды. Өйткені кәсіпкерлер сапасы төмен, ең арзан бағадағы жабдықтарды әкеледі. Бірақ олар белгіленген талаптарға сәйкес. Мен осы ережеге қарсымын. Мемлекет басшысы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға қол қойды. Ол 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осы заң бойынша кәсіпкерлер әкелген тауарына не көрсеткен қызметіне жауап береді. Қазір өкінішке қарай, заңда кемшіліктер бар және оны жосықсыз кәсіпкерлер пайдаланып жүр, – деді Алматы әкімі.
Еске салайық, бұған дейін Ерболат Досаев Алматыдағы Қарғалы өзенінің аты өзгерту туралы сұраққа жауап берген еді.