«БЖК – 2025»: Болашақта микро және шағын кәсіпкерлікті несиелеу шарттары қандай болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАҚпарат – Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде микро және шағын кәсіпкерлікті микронесиелеу шарттары қандай болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БЖК – 2025»: Болашақта микро және шағын кәсіпкерлікті несиелеу шарттары қандай болады

«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа бағыт іске қосылады. Бұл – микро және шағын кәсіпкерлікті микронесиелеу. Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен кредиттер 6% мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, несиелер айналым қаражатты толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, ал өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін берілетін болады. Қызмет түрлері бойынша шектеулер болмайды.

«Сонымен қатар мемлекет несие мөлшерінің 85%-не дейін кепілдік беруді қамтамасыз етеді. Несиені коммерциялық банктер мен микроқаржылық ұйымдар береді. Субсидиялау және кредиттерді кепілдендіру рәсімдері барынша жеңілдетіледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты - микро және шағын бизнесті жеңілдетілген несиемен барынша қамту», - деді ол.