«БЖЗҚ» АҚ экс-басшыларының соты: 5 млрд теңге қайда кеткені анықталды
Сот алдында «БЖЗҚ» АҚ экс-төрағасы Руслан Ерденаев, «БЖЗҚ» АҚ тәуекелдерді басқару департаментінің басшысы Мұса Бахытов, «Алатау Мұнай Алтын» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Бақытжан Кенжебаев, «Бузгул Аргум» ЖШС директоры А.Найзағарин жауап беріп жатыр.
«Бузгул Аргум» ЖШС құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаевтың қорғаушысы Нелли Андронова дауға айналған 5 млрд теңгенің қайда кеткенін айтып берді.
Оның айтуынша, «БЖЗҚ» «Бузгул Аурум» ЖШС-нан 5 млрд теңгеге облигация сатып алған. Бұл қаржы кәсіпорынның Aзия Кредит Банкіндегі шотында сақталып тұр.
«Депозиттегі ақшаны кепілдікке қойып Кенжебаев банктен несие алған. Бұл ақша кәсіпорынға өндірістік мақсатта жұмсалды. Несие уақытында төленіп тұрған.
Тек Кенжебаев Германияда ота жасатуға кеткенде ғана сәл кешігіп қалды. «AsiaCreditBank» АҚ келісім шарттағы 8.1.6 пунктін бұзып, клиенттің келісімінсіз заңмен келісілген 40 күн мерзімге күтпей шотқа арест қойылатынын біліп, алдын ала ақшаны банктің өз қорына аударған», - деді Нелли Андронова.
Оның айтуынша, «Бузгул Аурум» ЖШС мен БЖЗҚ арасындағы азаматтық-құқықтық мәміле заң нормаларына қайшы келмегенін сараптама дәлелдеген.
Сонымен қатар, ол: «Бақытжан Кенжебаев ұсталмаған жағдайда ақша қорға қайтарылатын еді», - деді.
«Бұл Кенжебаевтың БЖЗҚ-ға зиян келтіру туралы қылмыстық ой-пиғылы болмағанын көрсетеді. Ол «Алатау Мұнай Алтын» АҚ-мен облигацияларды кепілді түрде сатып алу туралы келісімге келмек болды. 20 желтоқсанда үшжақты кездесу өтті. Соның нәтижесінде акцияларды қайта сатып алу туралы хаттама жасалды. 28 желтоқсанда Кенжебаевты қамауға алмаған жағдайда, 5 млрд теңге қорға қайтарылатын еді», - деді Андронова.
Қорғаушы Кенжебаевтың өзін қудалап жатқанын естіп, Германиядан келген соң қамалғанын айтты.
Оның айтуныша, егер Кенжебаев кепілге босатылса, ол БЖЗҚ облигацияларын сатып алып, БЖЗҚ-ның ақшасын қайтаратын еді.
Осыған байланысты ҚР ҚК 153-бабы мен 321-бабы бойынша Кенжебаевқа қатысты қудалауды тоқтатып, қамаудан босатуды сұраймын», - деді ол.
Айта кетейік, жыл басында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласындағы департаменті БЖЗҚ-ның құны 5 млрд теңге болатын келісімшартын тексерген болатын. Ұлттық банктің қатысуымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның әрекетін тексеру өткен жылдың 21 желтоқсанынан басталған.