БЖЗҚ активін инвестициялау: банктер қалай іріктеліп, қаржы қандай шартпен берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерін тарту үшін екінші деңгейлі банктер қандай критерий бойынша іріктелгенін және қаржы қандай шарттармен берілгенін мәлім етті.

— БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін тартуға меншікті капитал мөлшері 60 млрд теңгеден асатын және кредиттік рейтингі «B»-ден түспейтін банктер қатыса алады, - делінген Ұлттық банктің Kazinform агенттігі жолдаған ресми сауалға жауабында.
Сондай-ақ бұл активтер екінші деңгейлі банктерге қандай шартпен берілгені мәлім болды. Қаржыландырудың бұл көзі банктерге облигация шығару арқылы келесі шарттармен ұсынылды:
- айналым мерзімі 7 жылдан аспауы керек;
- инфляция деңгейіне немесе TONIA ақша нарығының индикаторына байланысты тұрақты немесе өзгермелі купондық сыйақы мөлшерлемесі белгіленуі керек.
Көрсетілген ставкалардың мөлшері облигация орналастыру сәтінде айқындалады және айналыс мерзімі не инфляция деңгейі немесе TONIA ақша нарығының индикаторы ұқсас ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік деңгейіне, сондай-ақ банктің кредиттік рейтингіне және облигациялардың айналыс мерзіміне байланысты банктің кредиттік тәуекелдері үшін сыйлықақыға байланысты болады, - делінген хабарламада.
Банктердің қаржыны әуелгі мақсатынан бөлек салаға, яғни экономиканың нақты секторынан басқа жаққа салуға болмайтыны айтылған.
— Банктер тартылған қаражатты инвестициялық жобаларды кредиттеуге жіберуге тиіс. Бұл ретте көтерме және бөлшек сауданы, тұрғын үй құрылысын, тұрғын үйді және коммерциялық жылжымайтын мүлікпен операцияларды кредиттеуге, жеке тұлғаларды және басқа да бірқатар салаларды кредиттеуге жол берілмейді, - делінген жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк БЖЗҚ активтерінің тиісті мақсатта жұмсалуын қалай қадағалайтынын түсіндірген болатын.