БЖЗҚ басшысы зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға не себепті рұқсат берілгенін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға неліктен мүмкіндік берілгені жөнінде пікір білдірді. 

ЕНПФ, БЖЗҚ
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Алдымен ол БЖЗҚ тарихы мен мақсатына тоқталды.

— Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгелі 28 жылдан асты. Содан бері азаматтар табысының 10%-ын міндетті түрде зейнетақы қорына жинақтап келеді. Оны, атауы айтып тұрғандай, зейнеткерлік жасқа толған кезде өмірді қамтамасыз ететін қаражат деп түсінуіміз керек, — деді БЖЗҚ басшысы.

Оның сөзінше, әлемге жайылған індеттің салдары зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беруге әсер еткен.

— 2021 жылы ковид пандемиясынан кейін дағдарысқа қарсы шара ретінде кейбір елде зейнетақы жинақтары қолданылды. Осы тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда да зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту не денсаулығын түзеу мақсатында қолдануға мүмкіндік берілді. Өйткені, пандемия кезінде жұмыссыз қалған, несиелерін төлей алмаған немесе денсаулығын нашарлатып алған азаматтар болды, — Мұрат Шәріпов.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы зейнетақы жүйесін депозит ретінде қарастыруға болмайтынын мәлімдегенін жазғанбыз.