БЖЗҚ басшыларының қорғаушылары ауыр айыппен келіспейтіндіктерін айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - БЖЗҚ басшыларының қорғаушылары ауыр айыппен келіспейтіндіктерін айтты. Атап айтқанда, «Бузгул Аурум» ЖШС басшысы Азат Найзағарин мен «Алатау Мұнай Алтын» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Бақытжан Кенжебаевтың адвокаттары тағылған айыптың негізсіз екендіктерін айтып отыр.
«Мен оларға тағылған айыппен толық келіспеймін. Олар ақша жымқырды дейді. Өз беттерімен жұмыс жасап жатқан бизнесмендерге жала жауып отыр», - деді қорғаушы Ғалым Нұрпейісов.
Оның айтуынша, оларды кепілге босатуға тиіс.
«Біріншіден, олар ақшаны қарызға алған. Бірнеше жылдан соң қайтарулары тиіс. Бұл жымқыруға жата ма? Қазір белгілі бір операциялар жүріп банктер оны жойып жатыр. Бұл жерде олар шағымды банктерге түсіру керек. Бұл биржадағы займ мәмілесі, ешқандай заңсыз әрекет емес», - деді ол.
Еске салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласындағы департаменті БЖЗҚ-ның құны 5 млрд. теңге болатын келісімшартын тексеріп жатыр.
Сотқа дейінгі тергеу орындары Р.Ерденаев пен өзге де тұлғаларға меншікке қатысты ҚР ҚК 189-бабының 4-тармағы бойынша ауыр қылмыс жасадыдеп айып тағып отыр.
21 желтоқсаннан бастап Ұлттық банктің қатысуымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның әрекеті тексеріліп жатыр. Тексеру БЖЗҚ акционерлерінің өз активтерін инвестициялауға қатысты болып отыр. БЖЗҚ өз кезегінде қаржы жымқыруына қатысты қауесетті жоққа шығарды.