БЖЗҚ-дан заңсыз 200 млрд теңге шығарған 42 стоматологиялық клиника тергеліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дан азаматтардың зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару деректері бойынша стоматологиялық клиникалардың басшылары мен өзге де тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр.

а
Фото: Видеодан алынған скрин

Агенттік мәліметінше, зейнетақы жинақтары стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы шығарылған.

Аталған «қызмет» үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған.

Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз шығарылған.

- Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алған, сондай-ақ қаражатты жасыру мақсатында мүлікті үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан.

Қазіргі уақытта 11 күдікті екі ай мерзімге қамауға алынған, ал үш адамға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған, - деп жазды агенттіктен.

Сонымен қатар жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу мақсатында медициналық мекемелердің бірқатар дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) жалған қорытындыларын бергені анықталған. Бұл эпизодтар бойынша күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады.

Аталған фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.

Бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы аударымдарын алған азаматтар қылмыстық қудалау аясына түспейді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Айта кетейік, БЖЗҚ-дан 46 млрд теңге жымқырған жалған стоматологиялардың бір иесі ұсталды.

Соңғы жаңалықтар