БЖЗҚ қаржысы салынған вагондар қашан құрастырылады
АСТАНА. KAZINFORM –Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында 2025 жылы Астана қаласында «Штадлер» жолаушылар вагондары құрастырылатыны туралы айтты.
Министр БЖЗҚ-дан Stadler жобасына бөлінген қаражат қашан өндіріске айнала бастайтынын айтты
«Елдегі теміржол паркі шамамен 139 мың бірлікті құрайды. Оның орташа тозу деңгейі – 55 процент. Осыған орай, теміржол паркін жаңарту және импортты алмастыру мақсатында жаңа жобаларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, жылына 6 мың жүк вагондары мен цистерналар шығаратын «ТексолТранс» зауыты 2025 жылдың бірінші тоқсанында толыққанды өндірісін бастайды. 2025 жылы Астана қаласында «Штадлер» жолаушылар вагондарының өндірісі іске қосылады», - деді министр.
Сондай-ақ, Қанат Шарлапаев Семейдегі жобаға тоқталды.
«Семей машина жасау зауыты» жылына 600 бірлік жартылай вагон өндірісін ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізіп, «Railcast Systems» бандаж өндіру жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ, жыл соңында Қостанай облысында пружиналар шығаратын зауыт іске қосылады деп күтілуде. Ал 2025 жылы «Востокмашзавод» орта және ірі вагон қаңқасын құюды жоспарлауда», - деді ол.
Еске салсақ, Швейцарияның Stadler компаниясы елімізде 2030 жылға дейін 537 заманауи жолаушылар вагонын шығаруды жоспарлап отыр.
Кейін бұл жобаға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасы да тартылатыны белгілі болған.