БЖЗҚ: Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,7 трлн. теңгеден асты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың 1 сәуірінде БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны барлық шарт түрі бойынша 9 986 467 бірлікті құрады.
Ал зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,7 трлн. теңгеден асып түсті. Бұл туралы бүгін «Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қоры» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
«2015 жылдың бірінші тоқсанында БЖЗҚ-на түсіп, салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-ына бөлінген инвестициялық табыс 58,25 млрд. теңгені құрады. Жалпы 2015 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы төлемдерінің сомасы 42,43 млрд. теңге болды, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударылған сома - 3,39 млрд. теңге» - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетелік, БЖЗҚ өңірлік желісі 240 қызмет көрсету кеңсесін қамтиды. Қордың өңірлік құрылымына әр облыс орталығында, республикалық мәні бар қалаларда (Алматы және Астана), сондай-ақ облысқа бағынышты ірі қалаларда (Жезқазған және Семей) бір-бірден орналасқан 18 филиал кіреді. Филиалдар жанында 23 бөлімше және 199 қызмет көрсету орталығы ашылған.