БЖЗҚ-ның бәсекелестері пайда болуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев зейнетақы жүйесіне кейбір өзгерістерді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз бірқатар ұсыныстарға бастамашылық етіп, оларды Үкіметтің қарауына енгіздік. Біздің ойымызша, әрбір адам басқарушы компанияны таңдау мүмкіндігіне ие болуы үшін бәсекелестікті қалпына келтіру қажет. Яғни азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарын басқартуға сенім білдіріп, сәйкесінше, ол инвестициялау стратегиясын таңдай алады. Бұл ретте адамда таңдау жасау мүмкіндігі болады. Егер оған Ұлттық банк ұнамаса, онда жеке компанияға бара алады. Бұл біз ұсынып отырған базалық ұстаным»,-деді ол Астана экономикалық форум аясында өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар Ақышев өткен қателіктерге жол бермеу керектігін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, ол үшін азаматтардың ақшасын басқаруға қабылдайтын қатысушыларды реттеуді қатаңдату қажет.
«Бұл тұрғыда нарыққа тек тұрақты әрі капиталдануы жоғары ойыншылардың ғана кіруін іске асыруға дайынбыз. Олар өздеріне азаматтарымыздың зейнетақылық қаржысын басқару бойынша жоғары жауапкершілікті алуға қауқарлы болуы тиіс. Осы орайда орнықты инвесторлар тартылады. Қазіргі таңда бұның барлығы талқылауды қажет етеді. Тиісті ұсыныстарды Үкіметке жолдадық. Әзірге жауап алған жоқпыз»,-деді ҰБ басшысы.
Сонымен бірге ол жоғарыдағы ұсыныстар бұрынғы зейнетақы моделіне қайта оралуды білдірмейтінін атап өтті.
«Меніңше, «жалғыз терезе» институты болып табылатын БЖЗҚ бұрынғысынша қалады. Адамдар БЖЗҚ-мен қосымша шартты бекіту мүмкіндігін ойластырудамыз. БЖЗҚ ақшаны Ұлттық банктің басқаруына бере алады, ал басқарушы компанияны салымшы өзі таңдайды»,-деп түйіндеді сөзін Ақышев.