БЖЗҚ онлайн қызмет көрсетуді дамытпақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - БЖЗҚ онлайн қызмет көрсету саласын кеңейте түспек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 2017 жылдың маусымынан бастап 3 қызмет тестілеуден өткізіліп жатыр.

БЖЗҚ онлайн қызмет көрсетуді дамытпақ

«Атап айтқанда, жеке зейнетақы шотын ашу туралы арызды онлайн режімде беруге болады. 30 маусымнан бастап бұл қызмет толық жұмыс жасай бастайды. Сондай-ақ, зейнет жасына жеткен адамдар немесе 1-2 топтағы мүгедектер де зейнетақы алуға өтінішті онлайн толтыратын болады. Алғашқы өтінімдер берілді. Өтінімді өңдеуге бірнеше минут кетеді. Сонымен қатар, өтінімнің мәртебесін онлайн режімде көріп отыруға болады», - деді «БЖЗҚ» басқарушы директоры Жанар Төлегенова.

Айта кету керек, мұндай қызметтерді онлайн режімде алу үшін электронды цифрлық қолтаңба болуы тиіс.

Зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру үшін, ЭЦҚ-дан басқа Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валютамен (теңге) екінші дәрежелі банкте немесе «Қазпошта» АҚ-та ашылған, 20 саннан тұратын банк шоты туралы мәліметті және екінші дәрежелі банктің деректемелерін көрсету қажет. Бұл ретте БЖЗҚ алушыға төлемдерді тағайындау немесе аудару жөніндегі өтініштің орындалуы туралы СМС-хабарлама жіберу арқылы құлағдар етеді.

«2017 жылдың үшінші тоқсанында тағы бір сервис қолданысқа енеді. БЖЗҚ дерекқорында көрсетілген салымшының қосымша деректемелеріне өзгерістер/ толықтырулар енгізу мүмкін болатын болды. Бұл деректемелерге жеке басты куәландыратын құжаттың деректері (түрі, нөмірі, күні мен осы құжатты берген орган), пошталық немесе электрондық мекенжай, телефон нөмірлері (үй, жұмыс, ұялы) жатады», - деді Жанар Төлегенова.