БЖЗҚ жүздеген миллиард теңгені рейтингі төмен банктерде сақтауда - Перуашев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде БЖЗҚ төмен рейтингтегі банктерде жүздеген миллиард теңгені бағалы қағаздар мен депозиттерде ұстауды жалғастыруда. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі жалпы отырыста ҚР Ұлттық банк басшысына жолдаған депутаттық сауалында депутат Азат Перуашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, дәл осындай институттарда ең көп БЖЗҚ-ның қаржысы сақталып жатқандығына тоқталған депутат, 2016 жылдағы жағдай бойынша ең төмен рейтингтегі банктердің депозиттерінде БЖЗҚ-ның 161 млрд. теңгесі, ал ең жоғары рейтинтегі банктерде 79 млрд. теңгесі сақталып тұрғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, ешқандай рейтингі жоқ банктердің бағалы қағаздарында 61 млрд. теңге, сондай-ақ ең жоғары рейтингті банктерде 983 млн. теңге сақталған көрінеді, яғни бұл ретте 65 есе кем айырмашылық бар.
«Жалпы айтқанда, БЖЗҚ сенімді қаржы институттарына қарағанда, теріс перспективалы банктерге салымшылардың ақшасын 2-ден 65 есеге дейін артық салатындығын байқауға болады. Нақты экономиканы қолдамайтын, біле тұра зейнетақы жинақтарын тәуекелге тігетін бұл не деген инвестициялық саясат?!»,-деп атап өтті Перуашев.
Айта кетейік, белгілі сарапшы Рахым Ошақбаев БЖЗҚ-ның 71,3 млрд. теңге активі Әзербайжанның проблемалық Халықаралық банкі облигацияларына салынғаны туралы хабарлаған еді.