Call-орталықтарға менингитке қатысты 8 мыңнан астам сауалдар түскен
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Шұғыл желі» арқылы менингиттің алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелері жөнінде халықтан 8 мыңнан астам қоңырау қабылданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Халыққа уақтылы, жедел кеңес беру үшін барлық облыстардың Call-орталықтарында «шұғыл желі» телефондарының жұмысын бастадық. Бірінші тәулікте ғана халықтан шамамен 4,5 мың қоңырау түсті. Ал екі күн ішінде - 8 мыңңан астам сауал жолданды», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - ҚР Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Елдің бас санитарлық дәрігері БАҚ пен Денсаулық сақтау министрлігінің халықты ақпараттандыру мен түсіндіру бойынша бірлескен жұмыстары адамдардың ауруға деген дұрыс реакциясына алып келгенін атап өтті.
«Бірінші белгілері пайда болған бойда адамдар медициналық пунктерге келіп жатыр. Халық тек күндізгі уақытта ғана емес, сондай-ақ түнде де қаралып жатыр», - деді Ж.Бекшин.