CANAAN компаниясы Қазақстан блокчейн-технологиялар қауымдастығына мүше болды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Қазақстан блокчейн-технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығының Басқарма төрағасы Дәурен Қарашев пен CANAAN CONVEY вице-президенті Дэвис Хуэй кездесті.

қауымдастық мүшесі болды
Фото: Kazinform

Басқосу барысында тараптар компанияның Қазақстан блокчейн-технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығының мүшелігіне кіруі туралы келісімшартқа қол қойды.

Өз кезегінде Дэвис Хуэй қазақстандық цифрлық майнерлер нарығының CANAAN CONVEY үшін маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі негізгі криптохабқа айналуы әбден мүмкін екенін жеткізді. 

Кездесуде қазақстандық цифрлық майнерлердің цифрлық майнингке арналған жабдықтарын сапалы жаңарту, «халвинг» қарсаңында олардың жұмысының тиімділігін жақсарту, бір мезгілде көміртегі ізін азайта отырып, энергия тиімділігін арттыру саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

ҚБТҚ басшысы Дәурен Қарашев бүгінгі таңда Қауымдастықтың тікелей қатысуымен заңнамалық негіз құрылғанын, оған сәйкес цифрлық майнерлер енді еліміздің энергия жүйесіне қандай да бір қауіп төндірмейтінін айтты. Керісінше, электр энергиясына сұраныс туғызатын, сондай-ақ энергия жүйесін теңгерімдеуге, оның орнықты әрі іркіліссіз жұмыс істеуіне жәрдемдесетін тұрақты және төлем қабілетті тұтынушылар екенін атап өтті.

«Біз үшін жасыл энергетикаға басымдық бере отырып, цифрлық майнерлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету, цифрлық майнингке арналған ең жаңа жабдықтарды пайдалану есебінен көміртегі ізін қысқарту маңызды. Қауымдастығымыздың мүшелері, еліміздің ең ірі цифрлық майнерлері үшін CANAAN CONVEY сияқты әлемдік деңгейдегі компаниямен ынтымақтастық жасау стратегиялық жетістік саналады», - деп атап өтті Дәурен Қарашев.

CANAAN CONVEY CO., LTD. 2013 жылы Қытайда құрылған. Ол - блокчейн-серверлерді өндіруде және ASIC микропроцессорлық шешімдерін әзірлеуде әлемдік көшбасшылардың бірі.

Соңғы жаңалықтар