«Целинный» кинотеатры заманауи өнер орталығына айналады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Целинный» кинотеатрының орнында жаңа қалалық заманауи өнер орталығы пайда болады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ерболат Досаев бұрынғы «Целинный» кинотеатрын қалпына келтіру жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталатынын айтты.
«Жұмыс барысында қасбеттің жоғарғы қабаттарының астында бірегей мозаика табылды, сондықтан рұқсаттар қажет болды. Келесі жылдың соңына дейін Алматыда жаңа мәдениет ошағы бой көтереді деп сенемін. Кинотеатр болғандықтан, ол жаңа заманауи стандарттарға сәйкес келмейді»,- деді ол.
Бұған дейін «Целинный» заманауи мәдениет орталығының директоры Джама Нұрқалиева ғимараттың бұзылмайтынын айтқан болатын.
Кинотеатрды қайта құру жұмысына жергілікті және шетелдік көптеген мамандар тартылған. Аталған жұмыс аясында қоршаған ортаны да толығымен абаттандыру көзделіп отыр.
Айта кетсек, «Целинный» кинотеатры 1964 жылы салынып, 2014 жылға дейін жұмыс істеді.